Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, жаңа жатақхана Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасын іске асыру аясында салынған.
«Елімізlе әлемдік стандарттарға сәйкес білім беруді қалыптастыру үшін студенттерге қолайлы жағдай жасау қолға алынып отыр. Бұдан былай 150 орындық жатақханаға орналасқан политехникалық колледждің студенттері алаңсыз білім алады», - деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Колледж директоры Бағыт Шеркешбаеваның мәліметінше, бес қабатты жатақхананың жалпы ауданы – 720 шаршы метр. Жатақхананың «А» блогындағы 125 орынға студенттер орналасады. Ал, «В» блогындағы 25 орын оқытушыларға арналған
«Бөлмелер секцияларға бөлінген. Әр қабатта оқу бөлмелері, ас үй, асхана, кір жууға, киім үтіктеуге арналған бөлмелер, үстел ойындарының бұрышы орналасқан. Ал,бірінші қабатта фитнес-зал, йога залы, кітапхана, демалыс бөлмесі, интернетке қосылған коворкинг-орталық орналасқан. Жатақханада қауіпсіздік үшін бейнебақылаумен жабдықталды» -дейді Бағыт Шеркешбаева.
Жатақханаға алғашқылардың қатарында орналасқан студенттің бірі – Сайполла Бектас. Қазір ІІІ курста оқитын Исатай ауданынан келген.
«Екі жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Пәтер жалдау үшін ай сайын 70 мың теңге төледік. Енді колледждің жанынан салынған жатақханада тұрамын. Жатақхананың жайлылығы ұнады. Бос уақытымда спортпен шұғылдану мүмкіндігі бар» - деп қуанышымен бөлісті С.Бектас.
Жатақхананың құрылысын «АС-Строй» ЖШС жүргізген. Серіктестік директорының орынбасары Нұрлан Дилхановтың айтуынша, ғимараттың жалпы құны 670 миллион теңгені құрайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында үш колледждің жатақханасы пайдалануға берілгенін хабарлаған болатынбыз.