Атырауда 160 орындық жаңа балабақша ашылды
«Шағала» атауы берілген жаңа балабақша Атырау қаласындағы «Көктем» шағын ауданында бой көтерген.
«Балабақша – барлық әлеуметтік нысан ішіндегі ең маңыздысы. Бөбектер үлкен өмірге деген алғашқы қадамын балабақшадан бастайды. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген киелі сөз бар. «Шағала» балабақшасында білімді, тәрбиелі, елінің дамуы үшін аянбай еңбек ететін ұрпақ тәрбиеленеді деген үлкен сенім бар», - деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Жаңа нысанның құрылысы 2021 жылғы желтоқсанда басталған. Оның құрылысы жергілікті мұнай компаниясының демеушілігімен салынған.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұхановтың айтуынша, балабақшаның әр бөлмесі балалардың жас ерекшелігіне байланысты жабдықталған. Мұнда асхана, ойын, жатын, саз бөлмелері, оқу кабинеті, дене шынықтыру залы, медициналық емдеу кабинеті бар.
«Жаңа балабақшаны «Шағала» деп атау ұйғарылды. Балабақшада 160 орынға есептелген.
Сол себептен, мұнда 7 топ болады. Үлкен топта 25, ал кіші топта 20 баладан болады.
Мекеме әділет органында тіркеуден өтті. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен балаларды қабылдау жөніндегі қорытынды алынды. Енді «Indigo24.kz» ақпараттық жүйесіне бос орындар туралы ақпарат салынған соң тәрбиеленушілерді қабылдай бастайды. Мұнда штаттық кестеге сәйкес 20 педагог пен 24 техникалық қызметкер жұмыспен қамтылады», -дейді Нұржан Ермұханов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталғанын хабарлаған едік.