Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мамандарының мәліметінше, орталықтандырылған жылуға қосылуы тиіс 1 019 көпқабатты үй бар. Осы кезге дейін көпқабатты тұрғын үйлердің 80% жылуға қосылған.
«Жылыту маусымы басталған күні 775 көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылған. Қазір әлі жылу берілмеген 244 үй бар. Бұл үйлер 19 қазанға дейін жылумен толық қамтылады», - деп хабарлады әкімдіктің аталған бөлімінің мамандары.
Атырау қаласының әкімі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі мен ПИК басшыларын 244 үйді жылуға қысқа мерзімде қосу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Тұрғын үйлерді жылуға қосуды кешіктірген ПИК басшыларына тиісті шаралар қолданылады.
«Атырау жылу желілері» АҚ вице-президенті Әлібек Темірғалиевтың дерегіне сүйенсек, шаһарда жылу беру 10 қазанда басталған.
«Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылуға қосу үшін ПИК-тің жазбаша өтініші қажет. Алайда, бірнеше ПИК ғана үйлерді жылу беру қажетті туралы хабарлады. Өткен сенбі күні біздің қызметкерлер жылу беру крандарын ашуға дайын тұрды. Бірақ, кейбір ПИК бұған дайын емес екені белгілі болды», -деп мәлім етті Әлібек Темірғалиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 200-ге жуық көпқабатты үйге әлі жылу берілмегенін жазған едік.