Атырауда 19 жастағы жүргізуші баланы қағып кетті

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 13 жасар жасөспірімді көлік қағып кетті. Ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы 21 тамызда жергілікті уақытпен сағат 22:40 шамасында болған.

«Жол-көлік оқиғасы Атырау қаласындағы Бейбарыс даңғылы мен Тоқатов көшесінің қиылысында орналасқан реттелмеген жаяу жүргіншілер жолағында болды. Арнайы жолақпен өтіп бара жатқан 2010 жылы туған жасөспірімді Chevrolet Nexia автокөлігі қағып кетті», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына кінәлі 19 жастағы жүргізушіге қатысты тиісті іс құжаттарын жинақтап жатыр. Ал зардап шеккен жасөспірім жедел жәрдем бригадасының көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан 7 бала жоғарғы қабаттан құлап, екеуі мерт болғанын хабарлаған едік. Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеп кеткен.

Биылғы жыл басынан бері тұрғын үйлердің жоғарғы қабатынан кәмелетке толмаған 7 баланың құлағаны туралы дерек тіркелді. Оның ішінде 2 бала мерт болды. Тұрғын үйдің терезесінен құлау дерегінің бірі 18 тамызда тіркеліп отыр.