Атырауда 2 жасқа толмаған балақай жеке балабақшада құлап жарақат алған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 2 жасқа толмаған балақай балабақшада құлап жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Анасы Динара Амандықованың айтуынша, баласын ауруханаға апарып, ретгенге түсірген. Алайда, балабақша басшылары бейнебақылау жазбасын көрсетуден бас тартқан.

«Құлағанына 5 күн өтті. Мұрны әлі жазыла қойған жоқ. Бастапқыда ісіп, қызарып кетті. Қазір бір көзінің айналасы қозғала береді», -дейді Динара Амандықова.

Оның айтуына қарағанда, полиция қызметкері ауруханаға келіп, түсініктеме алған. Содан кейін балабақша басшылары балақайды қабылдамай қойған.

Ал, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Ғабиден Төрекешовтің дерегіне сүйенсек, жеке балабақша ешқандай мәлімет жоқ.

«Инкар» балабақшасы біздегі базада тіркелмеген. Демек, бізге хабарлама жібермеген. Білім берудің ұлттық деректер қоры бар, онда да бұл балабақша, орталық туралы ешқандай мәлімет жоқ. Яғни өз ісімен заңсыз айналысып отыр деп айтуға болады», -дейді Ғабиден Төрекешов.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат алған балаға сот-медициналық сараптама тағайындалған.

«Сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті шешім шығарылады. Баланың жарақатты қандай дәрежеде, неден алғаны белгілі болады», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 12 жасар бала ойын-сауық орталығында биіктен құлап жарақаттанғанын хабарлаған болатынбыз.

«Ойнап жүрген бала абайсызда 5-6 метр биіктен құлаған. Ол сол аяғындағы тобық буыны тұсынан жабық жарақат алған. Балаға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жеткізілді», - деп хабарлаған еді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының орынбасары Наргиз Баймолдаева.