Әкімнің атап өтуінше, Атырау облысының кешенді жоспары және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін өңір бойынша 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар салынады.
«Қазіргі таңда 5 медициналық пунктің құрылысы жүргізілуде (Жылыой ауданының Қарағай, Қызылқоға ауданының Айдын, Махамбет ауданының Аққайың, Еңбекшіл, Көздіқара ауылдары). Үш қосалқы станциясы бар жедел жәрдем станциясының құрылысын бастау жоспарланған. Осы жылы ауылдық жерлерде тағы 5 нысанның құрылысы басталады», - деді облыс басшысы бүгін Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Серік Шәпкеновің атап өтуінше, «Теңізшевройл» ЖШС қаражаты есебінен Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухананың, НКОК компаниясының көмегімен Атырау қаласының Береке ықшамауданында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылыстары жүргізіліп жатыр. Атырау қаласында да екі емхана салу жоспарланған. Ал Атырау қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің ескі ғимаратының орнына 180 төсектік онкологиялық диспансердің радиологиялық корпусының құжаты дайын. Қазір онкологиялық диспансердің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда.