Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, ыстық су беруді тоқтату күрделі жөндеу кестесіне байланысты болып отыр.
«Атырау қаласындағы барлық жылу пунктінен ыстық су беру 12-23 қыркүйек аралығында толық тоқтатылды. Шаһар аумағындағы магистралдық жылу желілерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне байланысты осындай шешім қабылданды. Ал, 27-29 қыркүйек аралығында магистралды жылу желілеріне жоғары қысыммен сынақ жүргізіледі. Осыған байланысты жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін сынақ кезеңінде магистралдық құбырларға жақындамауды, жылу желілері учаскелерін тексеріп жүрген қызметкерлердің нұсқауларын орындауды сұраймыз», -деп мәлім етті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, бүгін, 12 қыркүйекте Атырау қаласының бірнеше көшесіндегі тұрғын үйлерге жарық беру тоқтатылды.
Бұған Атырау-Жарық» АҚ-ның электр желісінде жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізуі себеп болған.
Мәселен, Авангард-3 шағын ауданындағы 8 көпқабатты тұрғын үйге жарық сағат 10:00-16:00 аралығында берілмейді. Ал, Каспий шағын ауданы мен 10-нан астам көшедегі тұрғын үйлерге жарық беру кешкі сағат 17:00-ге дейін тоқтатылды. Сондай-ақ, 36 көшедегі тұрғын үй иелері кешкі сағат 18:00-ге дейін жарықсыз отырады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолаушы тасымалдау шығынын субсидиялау ұсынылғанын жазған болатынбыз.