Атырау облысының ІІД-нің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарованың мәлімдегеніндей, орталық көпірдегі төтенше оқиға өткен жұмада болған. 33 жасар ер адам белгісіз себептермен көпірден секірген соң бірден су астына кеткен. Шамалы секундтардан кейін оның соңынан өтіп бара жатқан жігіт суға секірген. Ол суға кеткен адамды тауып алып, бірден жағаға шығарған. Жақын жерде кезекшілік еткен полиция қызметкерлері оқиға орнына келгенде оларға болған жағдайды түсіндіріп, кетіп қалған.
«Адам ес-түссіз күйде жатқан. Оған қолдан дем бергеннен көмек болмаған соң, тәртіп сақшылары қалалық ауруханаға жеткізген. Ол тәулік бойы ессіз жатқан. Қазір жағдайы қанағаттанарлық. Бүгін біз оны ажалдан құтқарған адамның есімін анықтадық - ол 23 жасар қала тұрғыны Юрий Абакумов. Ол оның орнында кім болса да, дәл осылай жасар еді деп, бұл ісінің себебін түсіндірді»,- дейді Г. Мұхтарова.