Ведомствоның мәліметінше, Атырау облысының прокуратурасы үлестік тұрғын үй құрылысына мониторинг жүргізген. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның талаптарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу 3 тәсілмен (кепілдік беру қоры, банк немесе әкімдіктің рұқсаты арқылы) ұйымдастырылады.
Өзге тәсілдермен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тартуға тыйым салынған.
«Мониторинг кезінде Атырау қаласында 3 құрылыс компаниясы жарнаманы бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз жариялап, жеке және заңды тұлғалардың ақшасын рұқсатсыз тартқаны анықталды. Прокуратура «BASTAU CONSTRUCTION», «Real Estate Капитал» және «ORKALI» ЖШС-теріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғады. Аталған компанияларға Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салды» деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 8 дәріханаға айыппұл салынған еді.