Атырауда 3 жасар бала коттедждің 2-қабатынан құлап, ауыр халде ауруханаға түсті

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 3 жасар бала коттедждің 2-қабатынан құлап, ауруханаға түсті. Балақайдың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 3 жасар сәби бүгін, 3 қыркүйекте сағат 16:20-да құлаған.

«Департаменттің диспетчерлік пультіне 2019 жылғы баланың 2-қабаттан құлағаны туралы хабар түсті. Құтқарушылар үш жасар сәбидің Атырау қаласының «Жұлдыз-2» шағын ауданында орналасқан жеке иеліктегі үйдің 2-қабатынан құлағанын анықтады. Жеке иеліктегі үйде кішкентай бала үлкен адамдардың қарауынсыз қалған. Ол түрлі жарақатпен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайы ауыр», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Құтқарушылар ұсынған статистикаға сүйенсек, биыл жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 4 дерек тіркелген. Соның салдарынан 5 бала жарақаттанған.

Ал, былтыр осындай 4 оқиға тіркеліп, 3 бала зардап шеккен. Өкінішке қарай, 2 бала мерт болған.

«Осындай оқыс оқиғаның алдын алу үшін ата-аналардан, ересектерден балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Жеке үйдегі, не пәтердегі барлық терезеге 12,5 см астам ашуға мүмкіндік бермейтін тақтай немесе қоршау орнату қажет. Балаларды терезенің қасында ойнатпау, терезенің алдына отырғызбау керек. Терезенің жанына жиһаз қоймау және москит торына сенбеу қажет», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 9 жасар бала 4-қабаттан құлап кеткенін хабарлаған болатынбыз.