Атырауда 300-ден астам жұмысшы қар тазалап жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атыраудың барлық коммуналдық қызметтері таң атысымен қауырт жұмысқа кірісті. Қалаға үздіксіз қар жаууда. Жағдайды секундына 20 метрге дейін жететін жел соғып қиындатуда. Нәтижесінде тазартылған көшелер 2-3 сағат өткесін қайта қарға жамылып жатыр.

«Қаланы қардан тазарту жұмыстарына 315 жол қызметкері, 48 арнайы техника жұмылдыруда. Қазіргі сәтте көліктер көп жүретін көшелер қардан тазартылуда. Жедел топ кейіннен қосымша жолдарға кіріседі. Қауіпті аймақтар, яғни көпірлер, қиылыстар, ірі бұрылысы бар жолдарға мұз қаттырмайтын арнайы ұнтақтар себілуде», - деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қазір қар жаууын жалғастыруда. Желдің жылдамдығы да күшейді. Синоптиктер 3 күнге дейін қардың жауатынын хабарлады, 2-3 градустан 15-17 градусқа дейін аяз болады деп күтілуде.