Атырауда 4 көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 4 көлік соқтығысып, жүргізуші мен жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы бүгін, 15 шілде күні сағат 15:25 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы М.Баймұханов көшесінде 4 автокөлік соқтығысты. Төрт автокөліктің екеуі – жолаушылар тасымалдайтын «Daewoo» және «Youtong» маркалы автобус. Ал, екеуі – Toyota Camry және Hyundai Elantra маркалы көліктер. Жол апатының салдарынан Hyundai Elantra автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Кәмелетке толмаған жасөспірім жолаушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Өзге көлік құралдарының жолаушыларына жедел-жәрдем қызметкерлері медициналық көмек көрсетті» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізіліп,іс-құжаттар жинақталып жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол-көлік оқиғалары салдарынан мерт болғандар саны 8,8%-ға өскенін хабарлаған болатынбыз.

Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаевтың айтуынша, биылғы 5 айда жол-көлік оқиғасы 5,4%-ға төмендеген. Алайда мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен.

«Жол-көлік оқиғаларының дені жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруынан, қарсы бағытқа шығуынан болады. Республикалық маңызы бар тасжолдарда нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 автокөлік өтуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 мың автокөлікке жетті. Нәтижесінде автокөліктердің ағыны 3 есе артып, жол апатының өсуіне әсер етіп отыр», - деді Нұрхат Оразбаев.