Қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы кезекті аппарат жиналысы кезінде ТКШ бөліміне әлеуметтік мекемелер аумағында ағаш отырғызуды және көгалдандыруды тапсырды.
«Биылғы күзде мектептердің, ауруханалардың, балабақшалардың және басқа да мекемелердің айналасына 5 мың ағаш отырғызылады және оларға тиісті күтім жасалады. Сондай-ақ, жаңадан салынған нысандардың айналасын да көгалдандыру қажет», - деп тапсырды қала әкімі ТКШ бөлімінің басшысына.
Сонымен қатар, облыс орталығында көшелерді қалпына келтіру және кеңейту бойынша жұмыс жасайтын мердігер мекемеге әрбір құлаған ағаш орнына 5 жасыл желекті отырғызуға тапсырма берілді.
«Атырауда 15 қыркүйекте қаланы санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша екі айлық жоба басталды. Мен қала тұрғындарын, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың басшыларын қоршаған ортаны тазалауға, сондай-ақ облыс орталығын көгалдандыруға белсене қатысуға шақырамын»,- деді қала тұрғындарына Алимұхаммед Құттұмұратұлы.