Атырауда 580 мың теңгенің алтын әшекейін ұрлаған күдікті ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда тұрғын үйден 580 мың теңгенің алтын әшекейін ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, ұрлық туралы дерек 9 қарашада тіркелген.

«Атырау қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, күндізгі мезгілде үйінен алтын бұйымдары ұрланғанын хабарлады. Осы дерекке байланысты №1 қалалық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасына кірісті. Нәтижесінде аталған қылмысты жасады деген күдікке ілінген 1984 жылғы жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Тергеу күдікті иесінің жоқтығын пайдаланып, үйге терезе арқылы кірген. Жатын бөлмедегі шкафтан алтын мен гауһар тасы бар бұйымдарды ұрлап, жәбірленушіге 580 мың теңге залал келтіргені анықталды. Үй ұрысы ұрлаған алтын бұйымдарды Атырау қаласындағы ломбардтардың біріне өткізіп жіберген» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігімен тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолаушылар көлігін айдап әкеткенін жазған болатынбыз.