Атырауда 7 адамның өмірін жалмаған жол апаты бойынша тергеу басталды

None
АТЫРАУ. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Атырауда 7 адамның өмірін жалмаған жол-көлік апаты бойынша тергеу жұмыстары басталды.

«ТЖД-ға күндізгі сағат 11-де «Форд-Галакси» және ВАЗ-2172 көліктерінің бетпе-бет соқтығысқаны туралы хабар түсті. Салдарынан темір тұлпардың екеуі де отқа оранған. «Приораның» жүргізушісі мен екі жолаушысы, «Галаксидің» жүргізушісі мен 3 жолаушы оқиға орнында мерт болды. Жол-көлік апатының себептері мен көз жұмған 7 адамның тұлғасы анықталу үстінде. Тергеу жұмыстарына облыстық ІІД жол полициясы басқармасы және ТЖД тергеу бөлімі кірісті», - деп атап өтті Атырау облыстық ТЖД басқармасының бастығы Сәлімғали Салықбаев.

Еске сала кетейік, апат «Атырау-Орал» тас жолында Бейбарыс ауылының маңында орын алды. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, қаза болған 7 адамның бесеуі саяхаттан қайтып келе жатқан колледж студенттері. Бұған дейін хабарланғандай 2 адам емес, 4 зардап шегуші облыстық ауруханаға жеткізілді. Олардың өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Алдын ала болжамға сәйкес, ВАЗ-2172 көлігінің жүргізушісі басқару тізгініне ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, «Форд» көлігімен соқтығысқан.