Атырауда 71 жастағы зейнеткерді тонаған екі күдікті ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 71 жастағы зейнеткерді тонаған екеу ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тонау оқиғасы тапа-тал түсте қаладағы «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданында болған. Тұрғын үйдің біріндегі пәтердің есігін ашқан 71 жастағы зейнеткерге күш көрсеткен екеу ақша, ұялы және радио телефонын, алтын алқасы мен сырғасын алып, оқиға орнынан қашып кеткен.

«Аталған қылмысты жедел ашу мақсатында тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел топ құрылды. Іздестіру кезінде күдікті екі азамат анықталып, ұсталды», -деп хабарлады облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.

Тексеру кезінде 71 жастағы азаматшаға 479 000 теңге залал келгені, сонымен қатар, күдіктілердің біреуі бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 191-бабы, 3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда әйелден 150 мың теңге бопсалаған тұрғын ұсталған болатын.