Атырауда 74 мемлекеттік қызметшінің құқығы бұзылып, 14-і негізсіз жазаға тартылған
21:05, 13 Қыркүйек 2023
Атырау облысында кейінгі екі жылда 74 мемлекеттік қызметшінің құқығы бұзылған. Ал, 14 қызметші негізсіз тәртіптік жазаға тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетовтің айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға басымдық беріліп отыр.
Департамент қызметкерлері мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын, заңды мүддесін қорғауға басымдық беріп келеді. Осы орайда, екі жылдағы деректерге сәйкес, 74 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Мәселен, негізсіз тәртіптік жазаға тартылған 14 қызметшіге қатысты уәкілетті адамдардың актілерінің күші жойылды. Төрт қызметшінің қызметіне төленбеген бонус қаржысы аударылды. Негізсіз артық жұмысқа тартылған 21 қызметкерге ақы төленетін демалыс күндері берілді. Үстеме жұмысы үшін 7 қызметкерге 294 мың теңге мөлшерінде еңбегіне ақы төленді. Атқаратын қызметінен заңсыз төмендетілген 1 қызметкер лауазымына қайтадан орналастырылып, еңбекақысының айырмасы өтелді, - деп хабарлады Ерлан Ермаханбетов.
Оның дерегіне сүйенсек, Махамбет ауданы әкімдігінің 2 қызметшісі штаттың қысқартылуына байланысты 2 млн теңгеге жуық төлемақысын алмағаны анықталған. Оларға тиісті қаржысы төленген. Сондай-ақ, 25 қызметшісінің еңбекақысы мен іссапар шығынына берілмеген 368 мың теңге мөлшеріндегі қаржы аударылған.
Еске сала кетелік, бұған дейін Алмас Көпжанов Атырау облысы цифрландыру және архивтер басқармасына басшы болғанын хабарлаған едік.