Облыс прокурорының өкімімен құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінен арнайы жұмыс тобы құрылған. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыс тобы дәрілерді шекті бағасын қымбатқа сатқан 30 деректі анықтаған. Уәкілетті органмен 8 дәріхананың әрқайсысына 361 140 теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Сонымен қатар, прокуратураның үйлестіруімен құқық қорғау органдары дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың заңсыз айналымына қатысты 6 деректі анықтады. Оның ішінде дәрі-дәрмекті жоғары бағамен үйден заңсыз сату және тиісті тіркеусіз сату бар. Тергеп-тексеру кезінде заңсыз айналымнан 7 500 препарат, 180 мың медициналық бетперде алынды» - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Заңсыз айналымнан алынған дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар денсаулық сақтау ұйымдарына тарату үшін облыстық Денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау халқының дәрі-дәрмек бағасына шағымынан кейін 50 дәріхана тексерілген еді.