Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, екі серіктестік арасында міндетті құқықтық қатынастарға байланысты дау туындаған. Тараптардың бірі жобалау-іздестіру жұмысын атқаруға байланысты міндетін орындамаған.
«Келісім-шартта 12 жобалау-іздестіру жұмысы қаралған. Алайда, бірінші тараптың көрсетуінше, оның жетеуі ғана орындалған. Тапсырыс берген серіктестік екінші тарапқа алдын ала 100% төлем жасаған. Осыған байланысты тараптың бірі екіншісінен залалды, сондай-ақ, тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қою арызын берді.
Екінші тарап жобалау-іздестіру жұмысын жасақтау бойынша жұмыстарды жүргізгені үшін берешекті өндіру туралы қарсы талап қою арызын түсірді. Екі талаптың жалпы сомасы 80 000 000 теңгеден астам соманы құрады» - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Бірінші сатыдағы сот талап қою арызының басым бөлігін, сондай-ақ, қарсы талапты қанағаттандырудан толық бас тартқан.
Аталған іс Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында қаралған. Татуластырушы судьяның көмегімен тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаған. Бұл келісім сотпен бекітілген. Медиациялық келісімнің талаптарына сәйкес екі тарап бір-біріне өзара наразылықтан бас тартқан.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.