Атырауда Әбу Сәрсенбаевқа ескерткіш орнатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау қаласындағы Алмагүл ықшамауданында Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ескерткіш облыс орталығындағы көрнекті жерлердің қатарын толықтыратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында аймақта ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, Каспий өңіріндегі тарихи тұлғаларды ұлықтауға бағытталған шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі шара халқын сүйген, туған жерін қастерлеген ақынға, жазушыға деген құрмет. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер елдің, қазақ халқының тағдырымен тікелей байланысты қарапайым адамдар болды. Әбу Сәрсенбаевпен таныс болу бақыты бұйырған адамдарға, шығармашылық мұрасын бүгінге дейін жеткізген туыстары мен жақындарына алғыс айтамыз», - деді Нұрлан Ноғаев.

Ашылу салтанатында сөз алғандар Әбу Сәрсенбаевтың кейіпкерлері қарапайым адамдар болғанын атап өтті. Оның шығармаларында балықшылар өмірі туралы көп айтылады.

Ескерткіште жазушының тұтас тұлғасы мүсінделген, биіктігі - 3,5 метр. Авторы -ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Айдархан Қалмаханов.