Атырауда академик Нәдір Нәдіровтің есімі институтқа беріліп, ескерткіш тақта қойылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, отандық мұнай-химия ғылыми мектебінің негізін қалаған академик Нәдір Нәдіровтің есімі институтқа беріліп, ескерткіш тақта қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «Ғылыми дәстүрлер сабақтастығының және мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі» тақырыбында өткен іс-шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин, ғалымның отбасы мен әріптестері, сондай-ақ, Ресей Федерациясының, Әзербайжан мен Қырғызстан Республикасының ғалымдары онлайн форматта қатысты.

Сондай-ақ, университет базасында ашылған химиялық инженерия және экология институтына Нәдір Нәдіровтің есімі беріліп, ескерткіш тақта қойылды.

«Нәдір Нәдіров – көп қиындық көрген ғалым. Кезінде Қызылорда өңіріне жер аударылып келіп, өзінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеу үшін мыңдаған құжат жинап, оқуға түсті. Кейін әйгілі ғалым атанды. Академик тек бір саламен шектелмей, бірнеше ғылыммен айналысты. Сондықтан, бүгінгі жастар мұнай химиясына ғана байланып қалмай, өз мүмкіндігін кеңейте білуі керек», -деді Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне қатысқан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин мен ғалымның балалары сөз алып, академик туралы естелігімен бөлісті.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда академик Салық Зимановтың есімі мектепке беріліп, ескерткіші ашылғаны жазған болатынбыз.