Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, әр жанұядан әкесі мен анасы және екі баласы қатысты. Сайыстар эстафета түрінде өткізілді. Доппен кедергілер арқылы жүгіру, секіртпелер арқылы жарысу, қаппен секіру, допты алып жүгіру және отбасылар түгел дерлік «паравоз» жасап жүгіру секілді кезеңдерде өзара сынға түсті.
Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы - Әдеп жөніндегі кеңес Төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жеті отбасы қатысқан сайыста Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті атынан сынға түскен Оразғалиевтар отбасы жеңіске жетті.
«Отбасымызбен бірге спортпен тұрақты түрде шұғылданып тұрамыз. Бүгін сайысқа балам мен қызымды алып келдім. Екеуі де спортты жақсы көреді. Бүгінгі отбасылар сайысына қатысып қана қоймай, жеңіске жеткенімізге қуанамыз», - дейді «Жалын» отбасының отағасы Уалихан Оразғалиев.
Екінші орынды Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының атынан қатысқан Аманбаевтар отбасы және үшінші орынды Дариевтардың отбасылары еншіледі.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне диплом мен медальдар және арнайы сыйлықтар табыс етілді. Үздік үш командаға велосипед сыйға берілді.