«Атырауда ақылы көлік нөмірлеріне қызығушылық артты» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 мамыр, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қызылорда облысында аймақтың инвестициялық келбетін арттыратын, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға атсалысатын V «Байқоңыр» инвестициялық форумы өтті. Дәстүрлі форумның туризм саласына қатысты бөлігі Байқоңыр қаласынан басталды. Туристік саланы дамытудың инвестициялық тартымдылығын таразылаған форум жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, шетелдік және отандық туроператорлар мен инвесторларға өңірдегі туризмнің болашағы туралы айтты. Басқосуда Қызылорда облысының туристік әлеуетін саралаған шетелдік және отандық мамандар өз ұсыныстарын білдірді.

«Қызылорда облысы туризм саласының инвестициялық тартымдылығы» тақырыбындағы секция жұмысында алты мәселе қаралды. Шығысеуропалық «FVW Median GmbN» қорының маркетинг жөніндегі директоры Мирослав Рончак Қызылорда облысына туристерді тарту үшін ең алдымен қызмет көрсету саласы халықаралық стандарттарға сай болуы керек дейді. Сыр өлкесінің тарихи-мәдени ескерткіштер мен ортағасырлық ескі қалаларға бай екені, бұған қоса Арал теңізінің де туризм саласында таптырмас құрал болатыны да айтылды. «Еуропалық, әсіресе, германиялық туристерді Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізі қызықтырады. Тіпті, олар Қазақстан деген сөзді естісе, ең әуелі Байқоңырды тілге тиек етеді», деді Мирослав Рончак. Бұл көлемді мақала «Өңір өміріндегі өзгеріс» деген тақырыппен басылды.

Бас басылымда «Атырауда ақылы көлік нөмірлеріне қызығушылық артты» деген мақала берілген. Атырау облысында да қымбат көлікке үш саны бірдей немесе екі нөлі бар нөмірлерді тағып жүру сәнге айнала бастады. Тіпті, оның бағасы қымбат болса да, сатып алудан тартынбайтындар қатары көбейіп келеді. Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Арман Аязғалиевтың айтуынша, былтырғы қазаннан бері атыраулықтарға 119 көлік нөмірі сатылыпты. Ал биылғы жыл басталысымен көлік иелері осындай 64 нөмірді сатып алуға қомақты қаржы жұмсаған. Жалпы, үлкен сұраныс пен қызығушылыққа ие нөмірлерді сатудан бюджетке 21 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Көлік иелерінің қызығушылығы 271 мың 554 теңгеге бағаланған - 111, 555, 888 және 451 мың 896 теңгелік - 001, 007 санды нөмірлерге ауып отыр.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жұмысқа тұрғысы келетін жастардың саны 3 590 адамға жетті.

Осы турасында Орталық коммуни­кациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан - 2050» жал­пыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жумин: «Ағымдағы жылдың наурыз айында біз «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғызылатын нысандарда жұмыс істейтін жастар үшін республикалық арнайы жобаны қолға алдық. Бүгінге дейін «Қазпоштаның» ауылдық бөлімшелерінде осы бағдарлама бойынша жұмысқа тұрғысы келетін жастардан өтініш қабылдау ұйымдастырылып, барлығы 3 590 өтініш келіп түсті» деді.

Оның сөзінше, тап қазір өтініш иелерімен телефон арқылы байланыс орнатылып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Жасыл ел желісі бойынша жұмысқа тұрғызудың жолдары түзіліп жатыр. Сонымен қатар жастар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының да шарапатын көрейін деп отыр. Бұл жайында «Нұрлы жол» арқылы жұмысқа тұрмақ» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «Ардагерлер Астанаға жол тартты» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жеңістің 70 жылдығына арналған шеруге Ақтөбеден 15 ардагер қатысатын болды. Соған орай Тұңғыш Президент атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағында әскерге шақырушылар күні ұйымдастырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған 40 сарбазға ардагерлер ақжол тіледі. Екі шараның ұштасуы, жастарға үлгі-өнеге, үлкенге деген құрмет.

Әдетте әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын жас жігіттерді ата-анасы мен бауырлары, құрдастары шығарып салатын еді. Биыл облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Қорғаныс істер департаментінің басшысы Ғ.Жантурин, ҰОС ардагерлеaрі, тыл еңбеккерлері, әскерге шақырушылардың ата-аналары, Ауған және локальді соғыстардың ардагерлері, әскери қызметшілер, курсанттар, жоғарғы оқу орнының студенттері, мектеп оқушылары мен патриоттық клубтардың мүшелері түгел қатысты.

***

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Мысль, конечно, интересная» деген мақала берілген. ШҚО полицейлері «Қауіпсіздік селфиі» атты байқауды жариялады. Олардың ұсынысына қарағанда, адамдар Жол жүру ережесін сақтауды еске салатын баннерлердің алдында суретке түсуі тиіс. «Бала - жаяу жүргінші» акциясы аясында тәртіп сақшылары Өскеменде жолдағы сақтық шараларына арналған он баннерді орнатқан екен. Таяу арада тағы да бірнеше осындай баннерлер қойылмақ. Ал бұл баннерлер тиімді болуы үшін ІІД қызметкерлері байқау аясында адамдарды барынша көбірек осы баннерлердің алдында суретке түсіп, бұл фотосуреттерді әлеуметтік желілерге орналастырғаннан кейін, олардың сілтемесін полицияның сайтына жіберуге шақырып отыр.