Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстан Республикасының бас онкологы Диляра Қайдарованың қатысуымен алғашқы маммологиялық орталық ашылды.
Медицина мекемесін техникалық жабдықтау толығымен «Olimp Medical Group»ЖШС-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Атырау қаласындағы маммологиялық орталық науқастарға тегін қызмет көрсетеді.
- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Елорда күні қарсаңында Атырауда алғашқы маммологиялық орталық ашылды. Заманауи жабдықтардың көмегімен мұнда жылына 8 мыңға дейін зерттеу жүргізуге болады. Бұл онкологиялық ауруларды диагностикалау, алдын алу сондай-ақ оны дер кезінде анықтап, шұғыл емдеуге мүмкіндік береді. Азаматтарымыздың денсаулығы әрқашан басты назарымызда. Алдағы жылдары облысты кешенді дамыту жоспары аясында денсаулық сақтау саласын қолдау артып, аса қажетті көптеген медициналық орталықтар салынады, - деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, мұндай мамологиялық орталықтарды ашу әйелдер арасында скрининг жүргізу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Атырау облысында бұл қызметтер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көрсетіледі. Енді өңірдің әрбір тұрғыны тегін маммографиядан өте алады.
- Елімізде осындай 23 маммологиялық орталық ашылды. Атырауда ашылған «Divera» орталығында гормондық және молекулярлық-гинетикалық зерттеулер жүргізуге болатын клиникалық-диагностикалық зертхана бар. Томосинтездің процедурасы өлшемі 1 мм дейінгі қатерлі ісікті анықтауға мүмкіндік береді. Барлық суреттер онкология институтына қайта оқу және нәтижелер сапасын бақылау үшін жіберіледі, - деді Диляра Қайдарова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің сөзінше, бүгінде Атырау облысы онкологиямен ауру көрсеткіші бойынша 13-ші орында тұр.
«Жыл сайын өңірде 700-ден астам жаңа онкологиялық науқастар анықталуда. Қазір 4 мыңға жуық пациент облыстық онкологиялық диспансерде есепте тұр. Сонымен қатар, сүт безі қатерлі ісігі аймақта екінші орында. Бірінші стадиядағы сүт безі қатерлі ісігі бар науқастарды анықтау өте төмен . Енді жаңа орталықтың арқасында ауруды ерте кезеңде анықтай аламыз, - деді Асхан Байдувалиев.
Айта кету керек, жаңа маммология орталығының жұмысы медициналық қызметтердің қолжетімділігін, онкологиялық ауруларды анықтаудың тиімділігін арттыруға бағытталады.
Бұл өз кезегінде Атырау облысындағы әйелдердің өмір сүру ұзақтығына оң әсер етеді.