Атырауда алғаш рет Street Workout-тан турнир басталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда алғаш рет Street Workout-тан қалалық турнир басталды. Турнирдің алғашқы іріктеу кезеңіне 30-ға жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Сайыс үш кезең бойынша өтті: белтемірге (турник) қосымша салмақты беліне байлап алып тартылу, белтемірден кеудені асыра тартылу және сырықтағы жаттығу (брусья).

«Алғашқы кезеңде жарысты қызығып көрушілер саны көп болды. Бұның өзі Street Workout-тың жастар арасында сұранысқа ие әрі қолжетімді спорт екенінің дәлелі. Осы спорт түрін дамыту мақсатында қаламызда 4 Street Workout алаңы ашылған болатын. Болашақта халық сұранысы көбейіп жатса, аталған спорт алаңдарын көбейтеміз», - дейді қалалық спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.

Сайыстың ең жас қатысушысы - 12 жасар Арман Ыбырай. Ол барлық жаттығу бойынша 31 ұпай жинап, ересектермен бірдей дәрежеде сынға түсті. Ұйымдастырушылар Арманды "Жеңіске деген жігері үшін" арнайы дипломмен марапаттады. Өзге де жарыс жеңімпаздарына арнайы диплом, медальдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Айта кету керек, қалалық турнирге іріктеудің кезекті 2-кезеңі 7 мамыр күні Привокзальный 5-мөлтек ауданында өтеді. Үздік шыққан 5 қатысушы 1 маусым күні өтетін ақтық сайысқа жолдама алады.

Абай АҚМҰРЗИЕВ