Турнирге еліміздің барлық өңірінен 60 спортшы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыста 1-2 орынның жүлдесіне іліккен спортшылар мамырда Астанада өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Ал Астанада жеңіс тұғырынан көрінген мықтылар Азия чемпионатына қатысады. Жеті салмақ дәрежесі бойынша сынға түскендердің ішінен үздік атанған спортшылар тізімі төмендегідей:
56,7 кг салмақта Ақылбек Ғарифуллин, 61,2 кг салмақта Олжас Молдағалиев, 65,8 кг салмақта Жахар Шапхатов, Аманбек Бекмұратұлы 70,3 кг салмақта, 77,1 кг салмақта Азамат Өтеулиев, 83,9 кг салмақта Артем Трембак, 93 кг салмақта Джордж Кварнани бірінші орынды иемденді.
«Бүгінгі таңда біздің федерация жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Біз Қазақстан, Азия және әлем чемпиондарын дайындап шығардық. Атыраудағы аралас жекпе-жектің болашағы бар деп ойлаймын», - дейді Атыраудағы Аралас жекпе-жек федерациясының вице-президенті Болат Бәйішжанов.