Атырауда атышулы кісі өліміне қатысты күдікті екі адам тұтқындалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда атышулы кісі өліміне қатысты күдікті екі адам тұтқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қалалық №2 сотының судьясы кісі өлтірді деп айыпталған екі адамға қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түрінде шара қолданды.

«Тергеу барысында 2018 жылғы 25 мамырда күдіктілер адам тасымалдаумен айналысып, кейін оларды тонауға келіскен. Сол күні олар вокзал маңынан жолаушыны алып, оны келіскен баға бойынша айтқан мекенжайына апару керек болатын. Алайда, қаскөйлер «Жөнеген» атаулы зиратқа қарай бет алған. Жолаушы жергілікті тұрғын болмағандықтан, қайда бара жатқанын білмеген. Нәтижесінде күдіктілер жолаушыны зиратқа кіргізіп, оны таспен соғып өлтіреді. Жәбірленушінің өлгеніне көз жеткізген соң әмияны мен қол сағатын алып қашып кетеді»,- деп хабарлады Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Күдіктілерге қазір бір топ адамдардың пайдакүнемдікпен алдын ала ұйымдасып кісі өлтіруі, қарақшылық және бопсалау әрекеттері бойынша айып тағылуда.