Атырауда ауаны ластаған екі кәсіпорында тексеру жүріп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Атырау қаласының ауасын ластаған мұнай өңдеу зауыты мен KPI кәсіпорнында тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Абдуалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада Атырау облысында бірқатар оқиға (экологиялық) болды. Қоршаған ортаның ластану себебінің бірі – Ақжайық табиғаи резерватындағы өрт. Екіншісі – Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апат. Дәл сондай апат «KPI» өндірісінде де тіркелді.

Атыраудың ауасын күкіртсутекпен ластап тұрған негізгі көздер – жұрт «Тухлая Балка» және «Квадрат» деп атап кеткен нысандар. Жел осы нысандарда буланған шығарындыларды қалаға жеткізген. Экология департаменті сынамалар алып, күкіртсутектің нормадан асып кеткенін анықтады», - деді Айдар Абдуалиев.

Айтуынша, материалдар Атырау облысы бойынша сантиариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына жолданған.

Ал, Атырау мұнай өңдеу зауытында 8 сәуірден бері тексеру жүріп жатқаны белгілі болды.

«KPI» кәсіпорнындағы жоспардан тыс тексеру кезінде газдың ауада рұқсатсыз өртенгені анықталған. Бұл факті бойынша да тексеру жүріп жатыр.