Атырауда аудандық аурухана 80 кәсіпкерге 168 млн теңге қарыз болып қалған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аудандық аурухана 80 кәсіпкерге 168 млн теңге қарыз болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құрманғазы ауданының прокуратурасы аудандық аурухананың мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысына талдау жүргізген.

«Прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Аудандық аурухана қызметіне жүргізілген талдаудың қорытындысында кәсіпкерлердің шарттар бойынша өз міндеттемелерін толық орындағанына қарамастан, тапсырыс берушінің шартта белгіленген тәртіппен және мерзімде төлем жүргізбегені анықталды. Прокурорлық ықпал ету шаралары арқылы 80 кәсіпкердің алдында жалпы сомасы 168 млн 486 мың 177 теңге берешек толығымен өндірілді», -деп хабарлады аудандық прокуратурадан.

Қазір аудандық прокуратурада мобильді топ құрылған. Мобильді топ кез келген кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүддесі бұзылған жағдайда өтініштерін қарайды.

Сондай-ақ, ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау қызметіне кәсіпкерлер үшін ортақ тариф заңсыз бекітілгенін анықталған.

«Атап айтқанда, Экология кодексінің 367-бабында кәсіпкерлер үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және тасымалдауға тариф бекіту көзделмеген. Тараптар арасында жасалған келісім шартқа сәйкес төленеді. Алайда, аудандық мәслихат шешімімен кәсіпкерлер үшін тариф заңсыз бекітіліп, аудандағы 281 заңды тұлға мен 2 405 жеке кәсіпкердің құқықтары бұзылған. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мәслихат шешімі заңға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлердің бұзылған құқығы қорғалды», -дейді аудан прокуроры Магилан Рахимов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында кедергіге тап болған кәсіпкерлер Антикорға шағымданғанын жазған болатынбыз.