Атырауда балабақша өртенді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда өртенген балабақшадан 13 бала мен 3 тәрбиеші эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Төтенше жағдайлар депаратменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 ақпанда «Нұрсая» шағын ауданындағы Р.Ғабдиев көшесінде орналасқан 1 қабатты жекеменшік балабақша өртенген.

«Бұл туралы хабар сағат 15:46-да түсті. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар «Зейнеп Амина» балабақшасының төбе жабындысы толық жанғанын анықтады. Балабақшадан 3-5 жаc аралығындағы 13 бала мен 3 тәрбиеші эвакуцияланды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Өртті сөндіруге жеке құрамның 25 қызметкері мен 6 техника жұмылдырылды.

Жалын сағат 16:15-те оқшауланып, 16:23-те толықтай жойылды. Өрт салдарынан балабақшаның 144 шаршы метр төбе жабындысы жанып кетті. Балабақшадан 2 метр қашықтықта орналасқан 2 қабатты коттедж үйге өрттің таралуына жол берілмеді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда кілем жуатын цех өртенген болатын.