Атырауда балалар ауруханасына 126 млн теңгенің үш препараты сатып алынды
Облыстық балалар ауруханасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Нусинерсен (Спинраза) препаратының біреуі 42 млн теңге тұрады.
«Нусинерсен препараты омыртқадағы жұлынның бұлшық ет атрофиясын емдеуге арналған. Ерітінді омыртқаға егіледі. Жұлынның бұлшық ет атрофиясы немесе SMA – жұлынның алдыңғы мүйіздеріндегі моторлы нейрондарының үдемелі дегенерациясынан туындаған генетикалық гетерогенді тұқым қуалайтын, әрі емделмейтін ауру. Басқаша айтқанда, адамның бұлшық еттері мүлдем жұмыс істемей қалады. Ал, Нусинерсен (Спинраза) препараты осындай сырқатқа шалдыққан балалардың өмірін едәуір жеңілдетеді», -деп хабарлады балалар ауруханасының баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау перзентханасына шала туған нәрестені жетілдіруге арналған құрылғылар берілген еді.
Атырау қалалық перзентханасының директоры Гүлзинеп Дүсіпованың айтуынша, медициналық құрылғылар – шала туған балалардың қарқынды терапиясына арналған инкубатор және ашық реанимациялық жүйе.
«Мұндай медициналық жабдықтармен кемінде 1 350 баланың өмірін сақтап қалуға жол ашылады. Біздің перзентханадағы жүкті аналарға жедел және сапалы медициналық көмек көрсету үшін туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі реанимациялық жабдыққа зәру еді. Енді біздің неонатолог-дәрігерлер мен реаниматологтар өмірге келген нәрестелерге күтім жасауға, функционалдық денсаулығын сақтауға көмектесетін заманауи жабдықтар жиынтығымен жұмыс істейді», -дейді перзентхана директоры Гүлзинеп Дүсіпова.
Перзентханаға берілген заманауи медициналық жабдықтар демеушілік көмекпен алынған. Жаңа жабдықтардың құны – 9,5 млн теңге.