Оның атап өтуінше, 8 шілде күні ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясына Жылыой ауданына қарасты Тұрғызба ауылының тұсындағы Жыңғылдыкөл өзенінің бойынша балықтардың жаппай қырылғандығы туралы ақпарат түскен.
«Осыған орай жедел топ құрылып, оның құрамына аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының, жергілікті атқарушы органдардың, су инспекциясының, экология, ветеринарлық қызмет және ғылыми ұйымдардың өкілдері кірді. Жедел топ зертханалық жағдайда сараптама жүргізу үшін судан және өлі балықтардан сынама алды. Сараптаманың нәтижесінде балықтардың жаппай қырылу себебі анықталады. Аумақтық инспекция қызметкерлері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге өлі балықтарды жинау және жою жұмыстарын ұйымдастырды», - деп жазады ол.
Сәкен Ділдахметтің атап өтуінше, өңірдегі су мен ауа температурасының жоғары болуына байланысты су қоймалары жіті бақылауға алынған және балықтардың тағы да жаппай қырылуына жол бермеу үшін нақты шаралар әзірленген.