Атырауда бассейнде төбелес болып, екі адам ауруханаға жеткізілген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда су бассейні кешеніндегі төбелестен зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізілген. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының «Жұлдыз» шағын ауданындағы «Саванна» су бассейні кешенінде бірнеше жігіт төбелескен.

«Жергілікті уақытпен сағат 20:09 шамасында Атырау қалалық полиция басқармасының №2 полиция бөліміне шақырту түсті. Полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, тексеру жүргізді. Тексеру кезінде 2007 жылғы жасөспірімге 22 жастағы жігіттің тиіскені анықталды. Жасөспірім құтқарушылардың біріне шағым айтқан. Содан соң 2001 жылғы жігіт пен 18 жастағы құтқарушының арасында төбелес болған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Төбелестің салдарынан 2001 және 2005 жылғы екі адам түрлі дене жарақатымен облыстық ауруханаға жеткізілген. Осыған байланысты 1993, 1994 және 1995 жылғы күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүріп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда рестобарда бойжеткенді ұрған күзетшілерге қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз. Рестобардың күзетшілері өздерімен танысудан бас тартқан бойжеткенге қол жұмсаған.

«Күзетшілер телефонмен сөйлесуге шыққан мені қайтадан кіргізбей қойды. Олар маған күш көрсетті. Бетімнен бірнеше рет ұрып, жерге құлатты. Сол кезде мені ұрған күзетші басымнан тепті. Полицияға шағым түсірдім. Бірақ, видеожазбаға екі күннен кейін ғана қол жеткіздік», - деп жазды зардап шеккен бойжеткен.