Атырауда батысқазақстандық суретші Қ.Мәдірдің жеке көрмесі ашылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ш.Сариев атындағы Атырау облыстық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер мұражайында батысқазақстандық қылқалам шебері, Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР мәдениет саласының үздігі Қуандық Мәдірдің 50 жылдық мерейтойына арналған «Талбесік» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің ашылу рәсімінде Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев қоғамдағы бейнелеу өнерінің мәні мен маңызына, автордың ширек ғасырлық шығармашылығына тоқтала келе, алдағы жылдарға жоспарланған тың жобалар мен идеяларды бірлесе атқаруды ұсынды.

Белгілі жазушы-композитор, суретші, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов Қуандықтың қазақ бейнелеу өнерін дамытуға бір кісідей атсалысып жүргендігін, туындыларының жас ұрпақ тәрбиесіне берері көп, тарихи маңызының ерекше екендігін атап өтті.

«Саланың салқамы, даланың дарханы», - деп сөз бастаған жерлестері Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатовтың құттықтау хатын тапсырса, ҚР Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Отарбай Кендір, мұражай директоры Жайдарбек Зайдуллин, сондай-ақ көрме иесінің бөле ағасы, ақын Мұфтахиден Мәженов жылы лебіздерін білдірді.

Көрменің ашылу салтанатына Жоламан Аралбаев, Қамбарбек Аманов, Әділхайыр Жантасов, Айса Отарәлиев, Жексенбек Рахметов, Камила Жапалова сынды елге танымал суретшілермен қатар өнер жанашырлары, студент жастар көп жиналды.

Шара барысында Қуандық Насихатұлының өмірі мен өнері жөнінде арнайы түсірілген «Талбесік» атты бейнефильм көрсетіліп, сый-сияпаттар, тарту-таралғылар жасалды.

Көрме 23 қарашаға дейін өз көрермендерін қабылдайтын болады.