Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың эпидемиялық маусымы желтоқсаннан мамырға дейін созылады.
Былтырғы 1 желтоқсаннан бергі эпидемиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 41 661 жағдайы тіркеліп отыр.
Бұл инфекциямен 14 жасқа дейінгі 26 186 бала, 3 210 жүкті әйел ауырғаны белгілі болды.
«Ал, тұмау вирусының алғашқы жағдайы 2022 жылдың 30 қыркүйегінде тіркелді. Осыған байланысты науқастардан алынған 489 үлгінің 65-нен тұмау ауруының қоздырғышы бар екені дәделденді. Оның ішінде 37 үлгіден тұмау вирусының В типі, 28 үлгіден тұмау вирусының А типі анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында соңғы төрт жылда алғаш рет қызылша жұқтырғандар тіркелгенін хабарлаған едік.
Атырау облысында биылғы наурыз айында қызықша ауруының 4 жағдайы тіркелген.
«Алғашқы жағдай бізге шет елден келген жасөспірімнен анықталды. Түркия елінен келген азаматтың баласы вирусты сол жақтан жұқтырып келген. Қазір қызылша жұқтырған 4 жағдайдың біреуі зертханалық талдаумен дәлелденді. Қалған 3 жағдайдың зертханалық нәтижесін күтіп отырмыз», -деп хабарлады департаменттің бөлім басшысы Айнагүл Сәрсенғалиева.