АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысында браконьерлерден 2 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«10 қыркүйек-31 қазан аралығында өткен «Бекіре-2020» шарасы аясында 174 құқық бұзушы ұсталды. Олардан 2 тонна 645 кг балық, Оның ішінде 2 тонна 31 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Бұдан басқа, 2 килограмм қара уылдырық, 162 аулау, 9 жүзу құралы (оның ішінде алты «байда» типті қайық) алынды. Оларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды» - деді Полиция департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, балық аулау ережелерін бұзғаны үшін (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 383-бабы) 158 хаттама толтырылып, оның жетеуі сотқа қарауына жіберілген. Балық қорына заңсыз қол сұғушыларға жалпы сомасы 2,1 млн теңгені құраған айыппұл салынып, оның 944 мың теңгесі өндірілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балық қорғау заңнамасын бұзғандарға 20 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.
Жолдасбек Шөпеғұл
1993 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде тілші болып бастаған. 2020 жылғы ақпаннан бері «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігінде Атырау облысындағы тілшісі болып жұмыс істейді.