Атырауда бүкіл ел аумағын қамтыған контрабандалық арнаға тосқауыл қойылды

None
АТЫРАУ. 16 қазан. ҚазАқпарат - Атырауда Түркиядан әкелінетін киім-кешек пен аяқ киімді Қазақстанның барлық қалаларына жеткізіп отырған контрабандалық арнаға тосқауыл қойылды.

«Көлік прокуратурасының қызметкерлері Атырау-Бейнеу тас жолында Түркияның мемлекеттік нөмірлері бар Мерседес-Бенц маркалы жүк көлігін тоқтатты. Автокөлік Түркиядан Иран, Түркіменстан, Маңғыстау облысы арқылы Атырауға жол жүріп келе жатты. Тексеру кезінде құжат бойынша мәлімделген құрылыс заттары салынуы тиіс 346 буманың 337-сінде тондар, жейделер, тоқыма киімдер, костюмдер, аяқ киімдер және басқа да тауарлар жатқаны анықталды. Мәлімделген құрылыс заттары жалпы сомасы 15 мың долларға әкелінуі тиіс болды, көлікте барлығы 60 млн. астам теңгеге тауарлар болды», - деп хабарлады Атырау көлік прокуроры Болат Қалықов.

Көлік прокуратурасынан хабарлағандай, тергеу барысында тауардың Атырауға дейін контрабандалық арнамен жеткізіліп отырғаны анықталды. Ал одан кейін Қазақстанның басқа қалаларына жіберіліп отырған - киім және аяқ киімдер салынған жәшіктерде Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Семей, Жезқазған, Ақсай қаларының атаулары жазылған.

Қазіргі кезде Атырау көлік прокуратурасы аталған фактіге қатысты аса ірі көлемдегі экономикалық контрабанда үшін жазалауды қарастыратын ҚР ҚК-нің 209 бабының 2 бөліміндегі «г» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс әрі қарай тергеу жүргізу үшін қаржы полициясына жіберілді. Тергеу барысында контрабандалық арнаның ұйымдастырушыларын, сондай-ақ оның қанша уақыт жұмыс істеп жүргенін, ол арқылы жүктердің қанша көлемі өткенін анықтау мақсаты тұр. Қазіргі кезде контрабандашылардың Маңғыстау облысындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қалай бұзып өткені анықталу үстінде.

Бұл арнаның Қазақстан мен Қытай шекарасындағы контрабандамен күрес шаралары күшейтілгеннен кейін пайда болуы да жоққа шығарылмайды.