Атырауда екі көлік түйісіп, біреуі электр бағанасына соғылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында екі көлік түйісіп, біреуі электр бағанасына соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасы бүгін, 8 қарашада, сағат 9:00 шамасында болған.

«Атырау қаласындағы Ерниязов-Құлманов көшелерінің қиылысында екі көлік соқтығысып қалды. «Lada Priora» маркалы автокөлігі екінші деңгейлі жолдан шығып, басты жол – Ерниязов көшесімен келе жатқан «Hyundai Solaris» автокөлігімен түйісті. Соқтығысудың екпінімен «Hyundai Solaris» автокөлігі жаяу жүргіншілер жолын жарықтандырып тұрған электр бағанасына соғылды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақат алғандар мен қайтыс болғандар жоқ» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған жол-көлік оқиғасына байланысты іс-құжаттары жинақталып жатыр

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда екі көлік соқтығып, 19 жастағы жігіт мерт болған еді.