Құрманғазы ауданы орталық ауруханасының директоры Гүлшара Мутиева мән-жайды түсіндірді.
«23 қаңтар күні Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында екпе жасағаннан кейін 16 жастағы қыз өзін нашар сезінген. Жергілікті қызметкерлер ауданнан терапевт шақыртқан. Қыз орталық аудандық ауруханаға жеткізілген», - деді ол.
Аурухана директорының айтуынша, қызға жан-жақты медициналық көмек көрсетіліп, санитариялық авиациямен 24 қаңтарда облыстық балалар ауруханасына жеткізілген де, сонда компьютерлік томография жасалған. Қыздың денсаулығынан көңілге күдік ұялататын ештеңе табылмады.
«Кейін анықталғандай, қыздың отбасында бесінші сыныпта оқитын, эпилепсиядан зардап шегетін бала бар. Екпені қабылдауына сол да әсер еткен болуы мүмкін. Неліктен екпеден кейін мазасызданғанын мамандар анықтайды. Мүмкін, жай қорыққан шығар», - дейді Гүлшара Мутиева.
Құрманғазы ауданында екпе егу қазан айынан бері жалғасып жатыр. Ауданға 800 доза әкелініп, қазірге дейін 220 жасөспірімге егілген. Олардың ешбірінде кері әсері байқалмаған.
Авторы: А. Соколов