Атырауда ер адам бала ұрлағаны үшін 7 жылға сотталды
16:13, 25 Шілде 2012
АТЫРАУ. 25 шілде. ҚазАқпарат - Атырау соты бала ұрлау мен қарақшылық шабуылға айыпталған қала тұрғыны Б. Еңсеповты 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Бұл қылмыс өткен жылдың наурыз айында жасалды. Кешке қарай шет аймақтағы кенттердің бірінде белгісіз біреу 15 жастағы жасөспірімді тонап, кейін таксимен өзінің туыстарының үйіне апарып тастаған. Пышақпен қоқан-лоққы көрсеткен ер адам баланың ата-анасынан 2 мың доллар шамасында құн сұраған.
Қарақшы түнде ұйықтап қалғанда бозбала үйден сытылып шығып, қашып кеткен.
«Полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, қамауға алды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы Гүлнәзира Мұхтарова.
Сот үкімімен күдікті ҚР ҚК-нің 125 бабы (Адамды ұрлап әкету) бойынша және ҚР ҚК-нің 179 бабы (Қарақшылық) бойынша кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға сотталды.