Атырау қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотта балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралған.
Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтарымен айып тағылған.
«Балаларды оңалту орталығының маманы К-ның міндетіне 45 минутта ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлығын оңалту кірген. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандармен жеке сабақ өткізу кезінде кәмелетке толмаған К, Б, А-ға ұдайы ұрып-соғу немесе күш қолдану әрекеті арқылы тән зардабын немесе психикалық зиян келтірген. Сотталушы К-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен, іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді», -деп хабарлады №2 соттың баспасөз қызметі.
Прокурор К.-ға 4 жылға мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған.
Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілдері сотталушыдан моральдық залал өндіріп алуды сұраған.
«Сотталушы кінәсін ішінара мойындады. Оның адвокаты К-ның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігіне (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қайта дәрежелеуді сұрады. Жаза тағайындау кезінде К-ның бұрын сотты болмағаны, асырауында жас баласының бары ескерілді. Сот К-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп таныды. Оған 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», -деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 6 млн теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда арнайы балабақшада ерекше баланы қорлау дерегіне байланысты тергеу басталғанын жазған едік.