Атырауда есірткі сақтаған бойжеткен қамауға алынды
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2001 жылғы бойжеткен әлеуметтік желідегі жарнама арқылы жұмысқа орналасқан.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын сақтаған күдіктіні ұстады. Күдікке ілінген бойжеткеннен тәркіленген есірткіге ұқсас заттарға сараптама жүргізілді. Оның қортындысына сәйкес алынған заттар 13,66 грамм «Альфа-PVP» және 0,94 грамм «Мефедрон» синтетикалық есірткі екені дәлелденді. Қазір күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа тергеп-тексеруді бастады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1 тармақшасына, Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі, -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауға жұмысқа тұруға келген БҚО тұрғынынан 1,5 мың доза есірткі тәркіленгенін жазған едік. Күдікті Батыс Қазақстан облысынан тамызда Атырауға жұмысқа тұруға келген. Алайда, полицейлер күдігіне ілінген одан ақ түсті ұнтақ тәрізді заты бар 50 орама, мекенжайынан ақ түсті ұнтақ тәрізді заты бар 3 дана зип-пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 447,89 гр және 1 500 доза синтетикалық есірткі екені дәлелденді.