Атырауда хайп қуған жігіт жол құрылысы материалын сындырған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда хайп қуған жігіт жол құрылысы материалын сындырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы әлеуметтік желіде видео тарады. Онда жол жиегіне орнатылатын бордюрді сындырған жігіт «Жұмысты береді де, адамның еңбегін жейді. Керегі осы ма?» дейді.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, оның шаһар тұрғыны екені, алайда, құрылыс компаниясында жұмыс істемейтіні анықталған.

Ол бұл видеоны түсіру арқылы өз аккаунтына оқырман жинамақ болған. Енді ол өрескел әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалады.

Кейін ол атыраулықтардан кешірім сұраған видео жүктеді.

«Бұл видеоны хайп үшін түсіріп, жазушыларды жинағым келді. Бес-алты бордюрді бұзғанда, жарықшақ болды. Құрылыс компанияларынан қателік жоқ», -дейді ол.

Еске сала кетелік, Алматыдағы дүкенде әйелдің омырауын ұстаған ер адам Атырауда ұсталғанын жазған болатынбыз.

Оқиға Алматы қаласындағы супермаркеттердің бірінде болған.

«Әйел адамның омырауына қолын салған ер адам Атырау қаласынан анықталып, ұсталды. Атырау қаласының 1988 жылғы тұрғыны өз кінәсін толықтай мойындады. Ол алкогольдік мас күйде мұндай өрескел әрекетке барған. Құқық бұзушылық әрекеті үшін ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен (Ұсақ бұзақылық) 5 тәулік әкімшілік қамауға алынды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.