Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипованың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы экспозициялық зал сұрапыл сәттерді суреттейді. Атырау облысынан (бұрынғы Гурьев) Отан қорғауға өз еркімен 42509 адам, оның ішінде Атырау қаласынан 11302 адам майданға аттанса, оның 15364 адамы оралмаған.
Соғыстың аяқталғанына 65 жыл толуына орай жасақталған экспозициялық зал Брест қорғаны, Мәскеу, Сталинград, Ленинградты қорғауға қатысқан атыраулықтар, соғыс кезіндегі Атырау (Гурьев) эвакогоспитальдары мен жаяу әскер училищесі, атыраулық Кеңес Одағының батырлары, Халық Қаһарманы Х.Доспанова, Даңқ орденінің толық иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған. Сонымен қатар витриналарға соғыс жылдарындағы баспа өнімдері, фотосуреттер, байланыс құралдары, майдандық хаттар, құжаттар, тыл еңбеккерлерінің жеке заттары орналастырылған.
Қазақтың даңқты батыр қызының бірі де бірегейі - Хиуаз Қайырқызы Доспанова. Ол - Гурьев облысының Құрманғазы ауданында 1922 жылы дүниеге келген. Негізі, аты құжат бойынша Хыйуаз деп жазылған. Орта мектепті Орал қаласынан бітіреді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ аэроклубқа қатысып, ұшқыш кәсібінің алғашқы дайындық сатыларынан өтеді.
Хиуаз білім іздеп Мәскеу қаласына жол тартады. Дәм бұйырып, Мәскеудің 1-ші медициналық институына оқуға түседі. Содан соғыс басталған кезде елге бармай, Мәскеуде «Метростройда» жұмыс істейді. Бір күні атақты Марина Раскованың қыз-келіншектердің авиаполкін құрғалы жатқанын естіп, алдыңғылардың бірі болып тілек білдіреді. Тілегі қабыл болып, Саратовтың әскери әуе училищесіне оқуға жіберіледі. 1942 жылдың көктемінде авиация тарихында тұңғыш рет құрылған әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Бұл негізінен түнгі мезгілде жау позицияларын бомбалайтын авиаполк болады. Өздерінің әскери аэродромнан 300 рет ұшып, жауға бомба жаудырған екен. Штурман болып 3 рет қатты жараланады. Олардың кішкентай ұшағын немістер «Түнгі мыстандар» деп атайтын, ал бұл ұшақтан жаудың зәре-құты қалмаушы еді.
Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», 1-ші, 2-ші Дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталып, бейбіт өмірде жасаған қызметі үшін «Еңбек Қызыл ту» орденімен, бірнеше медалдармен марапатталған.