Атырауда инфекциялық стационар қызметкерлері қонақүйлерге орналастырылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлері қонақүйлерге орналастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова №2 Атырау облыстық ауруханасының (инфекциялық стационар) жұмысымен танысты. Оның сөзінше, медицина қызметкерлерінің ерен еңбегі аймақ басшысының айрықша назарында. Б.Хаменова дәргерлердің қауіпті вирустың таралмауы мен науқастарды емдеу жолындағы жұмысын атап өтіп, алғыс білдірді.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, дәрігерлерге қолайлы жағдай жасау үшін оларды «Шағала» қонақүйіне орналастыру шешімі қабылданды. Мұнда 200 медициналық қызметкер қоныстана алады. COVID-19-ға қарсы күресте алдыңғы шептегі адамдар күн сайын науқастарға көмек көрсету үшін өз білімі мен күш-жігерін жұмсайды. Біздің міндетіміз, оларға қиын кезекшіліктен кейін жақсы жағдайда демалуға мүмкіндік жасау», - деді Бақытгүл Хаменова.

Бүгіннен бастап 63-ке жуық дәрігер, жұқпалы аурулар ауруханасының медбикелері, облыстық аурухананың 70-ке жуық медициналық қызметкері қалаулары бойынша «Шағала» қонақүйіндегі жайлы орындарға орналастырылады. Сондай-ақ, ақ халаттыларға «Дана» және «Престиж» қонақүйлерінен де қосымша керуеттер дайындалған.

Облыс әкімінің орынбасары сонымен қатар ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес өңірдегі медициналық мекемелерде санитарлық талаптар күшейтілетінін атап өтті.

«Науқастармен байланыста болатын дәрігерлердің қауіпсіздігі үшін аурухана ғимаратын таза және лас аймақтарға бөлу қажет. Бейнебақылауды қамтамасыз ету мақсатында өңір ауруханаларында бүгінде 100-ге жуық бейнекамера орнатылған. Басты талап - олардың санын арттыру. Сондай-ақ, Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес Бэпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін басқа да бағыттарды күшейту қажет», - деп атап өтті Бақытгүл Хаменова.

Президенттің тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлерін қолдау Атырау облысында да жүзеге асырылуда. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандарды емдеп жатқан барлық дәрігерлер үстемақыларын толық көлемде алды.