Атырауда ішімдік ішкен шетелдік 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен айрылды
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шетелдіктердің 23 маусымда жол ережесін өрескел бұзғаны анықталған.
«Атырау қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелден келушілер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара кезінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 23 маусымда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған 3 шетелдікті анықтады. Олардың бірі – Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы шаһардағы Құрманғазы көшесінде ВАЗ-21043 автокөлігімен тоқтатылды. Көлік руліндегі шетелдік жүргізушінің жеңіл дәрежеде мас екені медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жинақталған іс құжаттары Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданды. Соттың шешімімен Өзбекстан Республикасының азаматы 7 жылға көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Өзге екі шетелдікте жеке басын анықтайтын құжаттары болмаған. Соған байланысты олар Атырау қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орнына орналастырылды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мас жүргізушінің бірі 20 күнге қамалып, екіншісі 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылғанын жазған болатынбыз. Ер адам Skoda Octavia автокөлігін орта дәрежелі мас күйде жүргізген. Оның жүргізуші куәлігі болмаған. Сол себептен, ол 20 күнге қамауға алынды. Ал, Махамбет ауданында тұратын 35 жастағы әйел 7 жылға жүргізуші куәлігінен айрылды. Ол да рульге мас күйде отырған.