Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат ауылының тұрғынынан 2019 жылғы 22 казанда Қызылқоға аудандық полиция бөліміне шағым түскен. Ол өзінің шағымында 1979 жылы туған ұлының 2019 жылғы қаңтарда үйден шығып кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Алғашында ата-анасы ұлын өзі келер деп күткен. Алайда, ұлынан 9 ай бойы еш хабар болмаған соң, аудандық полиция бөліміне арызданған.
«Арыз бойынша полиция қызметкерлері жан-жақты іздестіру шараларын жүргізді. Атырау облысының аумағы мен еліміздің барлық облысы мен аудандарына, қалаларына іздеу туралы ақпарат жіберіліп, іс-шаралар ұйымдастырылғанымен, нәтиже болмады. Бірақ, аудан полицейлері іздестіру жұмыстарын жалғастыра берді. Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев жедел кеңестерде із-түзсіз жоғалғандардың жүрген жерін анықтау, оларды тауып, ағайын-туыстарына тапсыру бойынша атқарылған іс-шараларды пысықтап, іздестіру жұмыстарының орындалуын өзінің бақылауына алды. Жоғалған қызылқоғалық азаматтың дерегі анықталмағаны туралы өзге облыстардағы полиция органдарынан жауап келді. Ал Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі іссапармен көршілес Ақтөбе облысына шығып, сондағы әріптестерімен аудан аумақтарына, алыс шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай іссапар кезінде хабарсыз кеткен азаматты Мұғалжар ауданының Қайыңды елді мекенінің аумағында далалықта мал бағып жүрген жерінен тапты» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Табылған азаматтың айтуынша, ақша табу мақсатымен былтырғы қаңтарда ата-анасына ескертпестен, Ақтөбеге барған. Одан әрі танысын жолықтырып, сол арқылы бақташы болған. Мобильді байланыс телефонын жоғалтып, туыстарының нөмірлерін ұмытып қалған.
«41 жастағы азамат осы кезге дейін үйіне оралмау себебін көбірек ақша тапқысы келгенімен байланыстырды. Бір жылдан астам мерзімнің өткенін байқамаған. Ал өзін ешкім күштеп ұстамағанын айтты», - деді департаменттің баспасөз қызметінен.
Ұлының аман-есен табылғанына қуанған 70 жастағы зейнеткер Қызылқоға ауданының полицейлеріне алғысын білдірді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қыстақтағы жасөспірімдер ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп, жоғалып кеткенін хабарлап едік.