Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының өсуіне, сондай-ақ көлік құралдары санының ұлғаюына байланысты туындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жобаға қаланың үш көшесін: Баймұханов, Владимирский және Тайманов көшелерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары кіреді. Сондай-ақ мердігер ұйым «Атырауинжстрой» ЖШС-нің алдында жол жиектерін орнату, жаяу жүргіншілер жолы мен дренаж науаларын салу, суару құбырларын жүргізу, тұрақтар және оң жақ бағыттағы өтетін жолдарды салу, аялдама павильондарын орнату, көше жарығын ауыстыру мен жол белгілерін салу міндеттерін атқаруы керек болды. Көшелерді реконструкциялау және кеңейту жұмыстары 6 ай бойы - ағымдағы жылғы сəуірден қазан айының соңына дейін жүргізілді.
Жөнделген жолдың жалпы ұзындығы: Тайманов көшесі 2340 м, Владимирский көшесі- 2646 м, Баймұханов көшесі - 3430 м құрады.
«Жобаны іске асыру жолдарда автомобиль қозғалысының өсуіне, сондай-ақ көлік құралдары санының ұлғаюына байланысты туындады. Үнемі көлік кептелісі болатын және қозғалыс кезінде қолайсыздықтар туындайтын көшелердегі қозғалысты жеңілдету үшін жолақтар ұлғайтылды. Атап айтқанда, Владимирский көшесі 2 жолақтан 4 жолаққа дейін ұлғайды. Бүгінде жүргіншілер бөлігінің ені жоба бойынша 7 м, 10,5 м және 14 м құрайды»,- деді Атырау қаласы əкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.