Атырауда кардиологтар алғаш рет жүрекке аритмологиялық ота жасады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда кардиологтар алғаш рет жүрекке аритмологиялық ота жасауды қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық кардиология орталығының бас дәрігері Марат Қонысовтың айтуынша, атыраулық кардиологтар жоғары технологиялық құрылғымен алғашқы бірегей отаны сәтті өткізген. Мұнда АҚШ-тағы ST. JUDE компаниясының «En Site Precision» 3 өлшемді жүрек картасының электроанатомиялық жүйесі енгізілген.

«Жаңа медициналық құрылғымен жүрек ырғағы бұзылуының күрделі формаларына интервенциялық аритмологиялық ота жасауға болады. Қазір флюроскопиялық қолдау арқылы интервенциялық аритмологиялық ота (радиожиілікті абляция) жасалып жатыр.

Электроанатомиялық жүйені енгізу ота кезінде медициналық персонал мен пациентке түсетін сәуленің жүктемесі азаяды. Бұл – Атырау облысында интервенциялық аритмологиялық қызметті дамытудағы елеулі қадам», - дейді Марат Қонысов.

Оның айтуынша, жаңа әдіс жоғары технологиялық медициналық ота (HTMU) екенін ескеру керек. Жүйе 3D кескінінде анатомиялық картаны құруға, аритмия ошағын дәл анықтауға, сондай-ақ пациент пен зертхананың медициналық қызметкерлері алатын

сәуле дозасын төмендетуге, электроанатомиялық навигацияны қолдану арқылы оны жоюға мүмкіндік береді.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда елордалық дәрігерлер 5 балаға ота жасап, 300-ге жуық кеңес бергенін жазған болатынбыз.