Атырауда кәсіпкерлердің көмегімен көше жарықтандыру жұмыстары қолға алынады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда көшені жарықтандыру жұмыстары мемлекеттік жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысында мемлекеттік жекеменшік әріптестік жүйесінің теңдессіз жобасы жүзеге асырылуда.

«Атырауда көшені жарықтандыру желісінің құрылысы басталады. Олар жарық диодты реттелетін жарықпен қамтылады. Ол қаланың 39 көшесінде пайда болмақ. Жобаның негізгі пайдасы, тәуекелі мемлекет пен бюджетке тең бөлінеді, бюджетке жүктеме төмендейді. МЖӘ үлгісін қолдану кезінде дәстүрлі мемлекеттік сатып алулармен салыстырғанда, құрылыс сапасы барынша жоғары болады, себебі оның әрі қарай пайдалануына жекеменшіктегі әріптес жауап береді. Жобаның тағы бір игілігі - жекеменшік иесінің кірісі көрсетілген қызмет сапасына байланысты. Құжаттама дайындауға осы жобаны сүйемелдеу бойынша консультант ретінде «Қазақстандық мемлекеттік-жеке әріптестік орталығы» АҚ тартылды», - деп хабарлады АҚ сарапшысы Шынасыл Ерназар.

Жобаны «Батыс транзит» АҚ іске асырады. Бұл Атырауда көшені жарықтандыруды қолға алған алғашқы жекеменшік компания. «Батыс транзит» АҚ компаниясында сәтті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі бар. 2015 жылы кәсіпорын Солтүстік Қазақстанды Ақтөбе облысымен біріктіретін электр қуатын беру өңіраралық желілерін салуға қатысқан. Енді бұл ұйым мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттарында басқа әлеуметтік-бағдарланған жобалар бойынша жұмысын жалғастыратын болады.